Президенттік клиникада жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерді емдеу, диагностикалау және жүргізу бойынша жаңа ұсыныстар талқыланды.
«Еуропалық кардиологтар қоғамының жаңартылған ұсыныстары» - жүрек пен қантамыр ауруларын емдейтін және зерттейтін барлық адамдарға арналған қолдану бойынша нұсқаулық. Жыл сайын күзде Еуропа кардиологтары жүрек-қантамыр аурулары мәселелері бойынша Халықаралық конгресс өткізеді, онда жаңартылған жіктелімдер, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерімен жаңа клиникалық тәсілдер ұсынылады. Бұл клиникалық хаттамалар жоғары деңгейдегі дәлелді зерттеулермен расталған. Оларды кейіннен практикалық денсаулық сақтауға енгізу үшін ұсынады.
«Біздің жүргізіп отырған іс-шарамыз дәстүрге айналып барады және оның мақсаты практик дәрігерлерді осы ұсыныстармен таныстыру, көпшілікке кардиологиялық бейіндегі науқастармен жұмыс істеуге қатысты ең жаңа мәліметтерді тарату. Біз бұл конференцияны тек Президенттік клиника дәрігерлеріне ғана емес, сондай-ақ елорда мен ел өңірлерінің басқа емдеу мекемелерінің барлық ниет білдірген дәрігерлерге арнап өткіземіз», - дейді Президенттік клиника директорының емдік-диагностикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Карабаева.
Қантамыр және жүрек аурулары көп жағдайда мүгедектікке, кейде тіпті өлімге алып келеді, сондай-ақ еңбекке қабілетті жастағы адамдарды зақымдауды жалғастыруда. Сондықтан, мұндай санаттағы пациенттерді диагностикалау, емдеу және жүргізуде жаңа тәсілдерді қолданудың медициналық және әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор.
Президенттік клиникада өткен конференция барысында дәрігерлер кардиология бойынша күрделі және өзекті мәселелерді талқылады: созылмалы коронарлық синдром, дислипидемия (плазмадағы холестерин деңгейінің артуы/төмендеуі), өкпе артериясының тромбоэмболиясы(бітелуі), диабет және жүрек-қантамыр аурулары.
«Біздің конференция еліміздің жетекші мамандарының кардиология бойынша жаңартылған ұсынымдарды ұсынып қана қоймай, өздерінің бай клиникалық тәжірибесімен бөлісетін құрал болып табылады. Бұдан басқа, біздің Аурухана жаңа диагностикалық және емдік технологияларды енгізу тұрғысынан үлкен әлеуетке ие, бірқатар инновацияларды енгізу бойынша алдыңғы қатарда тұр. Жаңа ұсынымдар жарыққа шыққаннан кейін, біз міндетті түрде енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Президенттік клиника директорының емдік-диагностикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Карабаева.
Жүрек-қантамырлары ауруларын емдеудегі тағы бір маңызды нәрсе – күрделі ауруларды бастан кешкен пациенттерді қалыпты және толыққанды өмірге қайта оралуына көмектесетін оңалту. Президенттік клиникада бұл мақсатта жеке бөлімше - Қалпына келтіру емі мен оңалту орталығы жұмыс істейді.
«Президенттік клиникада дене белсенділігін, ЕДШ көмегімен еңбекке қабілеттілікті қалыпқа келтіру, физиотерапиялық, ортопедиялық емшаралар, массаж, гидрокинезиотерапия, сумен жылымен емдеу, мануалды терапия және шығыс медицинасының әдістері бойынша кешенді емдеу жүргізіледі. Осының барлығы оңалту бойынша бекітілген халықаралық хаттамаларға сәйкес және кардиолог және кардиохирург дәрігерлерінің Қалпына келтіру емі және оңалту орталығының мамандарымен тығыз өзара іс-қимылы арқылы жүргізіледі.», - дейді, №2 терапия бөлімшесінің меңгерушісі (терапия, кардиология, ревматология), Президенттік клиниканың дәрігер кардиологы Гульбану Князова.
Осы жылы кардиологиядағы емдеу мен диагностиканың жаңа тәсілдері туралы Қазақстанның жетекші кардиологтары, медицина ғылымдарының докторлары Сауле Раимбековна Абсеитова, Гульнар Каирбековна Жүсупова, Алия Утепбаевна Джолдасбекова, белгілі эндокринолог, медицина ғылымдарының кандидаты Анна Викентьевна Базарова баяндап берді.
Конференция соңында докторлар күрделі клиникалық жағдайды талдау және аудиторияның материалды қаншалықты жақсы меңгергенін түсіну үшін, жүрек пен қантамырларының екі және одан да көп аурулары бар науқасқа интерактивті клиникалық тексеру жүргізді.