11 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік Паркинсон ауруымен күрес күніне орай Алматы қаласында «Паркинсон ауруы – үкім емес» ұранымен қайырымдылық марафоны өтті.
Марафонды «Еуразия қозғалыс бұзылыстары қоғамы», Орталық клиникалық аурухананың Паркинсон ауруларын хирургиялық емдеу орталығы және демеушілер ұйымдастырды. Көптеген адамдар дертіне қарамастан жиналды. Жаттығудан кейін скандинавиялық серуенге қатысушылар Медеу бөгетіне көтерілді. Жалпы бағыт 900 метрді құрады.
Алматы марафонын Паркинсон ауруына шалдыққан бес дүркін Олимпиада чемпионы Василий Боев қолдап, шыңды бағындыру аяқталғаннан кейін ол өзінің жеңу тарихымен бөлісті. Марафонды науқастарды қолдау мақсатында жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды.