«Қарлығаш» балабақшасының №2 нысанының базасында «Ерте жастағы балалармен кешенді дене шынықтыру-сауықтыру жұмысы» тақырыбында тәжірибелік алаңның жабылуына байланысты қалалық семинар өтті. Аталған іс-шара тәжірибелік алаңның 3 жылғы жұмыс нәтижелеріне арналды.
«Раушан», «Таңшолпан» мектепалды даярлық топтары ортаңғы топ болған кезден бастап тәжірибе алаңына айналды.
Семинар аясында педагогтар ашық сабақтар өткізіп, өз тәжірибелерін іс жүзінде көрсетті. Теориялық кезеңде әдіскер, педагог-психолог, дене шынықтыру нұсқаушысы, педиатр баяндама жасап, эксперимент алаңының нәтижесінде оң нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.
Семинарға балабақша қызметкерлері, «Астана» халықаралық университеті колледжінің бөлім меңгерушісі, білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері қатысты. Іс-шара соңында білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Алтынай Болатбекқызы өзінің сарапшы ретіндегі пікірін білдіріп: «Семинар жоғары деңгейде өтті. Ұжымның кәсібилігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігін атап өткім келеді. Біз тәжірибе аяқталғаннан кейін тиімді нәтиже мен оң динамиканы көрдік», – деді.