Басты бетМЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚР ПІБ МЕДИЦИНАДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА ОБЬЕКТІЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚР ПІБ МЕДИЦИНАДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА ОБЬЕКТІЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жаңа объектілерімен танысты. Бұл – қыркүйек айында пайдалануға берілетін Ядролық медицина орталығы мен Емдік-диагностикалық блок.
Сапар барысында Мемлекет басшысына медициналық қызметтер МӘМС, ТМККК шеңберінде де, ақылы негізде де қазақстандықтарға қолжетімді болатыны баяндалды.
Президент циклотронды-өндірістік кешен мен диагностикалық блоктан тұратын бірегей Ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерімен танысты.
Циклотронды кешен 3 радиоактивті изотоп: фтор-18, көміртек-11 және галлий-68 негізінде 9 радиофармпрепарат өндірісіне мүмкіндік береді. Өндірістік алаң тиісті өндірістік практика (GMP) шеңберінде радиофармацевтикалық препараттың сапасы мен қауіпсіздігі тұрғысынан сертификатталатын болады.
Бұл препараттардың 8-і бұрын Қазақстанда өндірілмеген. Олар ПЭТ-диагностикасына қолданылады, бұл диагноз қою қиын обыр ауруларын, сондай-ақ кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте кезеңде айырып тануға мүмкіндік береді.  
Диагностикалық блоктың негізі – бүгінгі таңда әлемдік медицина индустриясында қолжетімді сезімталдығы жоғары позитронды эмиссиялық компьютерлік томограф (ПЭТ/КТ сканері). Жоғары сканерлеу жылдамдығына ие аппарат сонымен қатар ПЭТ/КТ зерттеуінен өтетін пациенттерді толығырақ қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Орталық Азия мен ТМД елдерінде бұл аппараттың баламасы жоқ.
Ядролық медицина орталығының ашылуы пациенттердің зерттеулерге кезегін анағұрлым азайтуға (қазір пациенттер зерттеуге 3-4 ай бұрын жазылады) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде пациенттердің ПЭТ/КТ зерттеулерінің санын жылына 3 мыңнан 7 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жаңа емдік-диагностикалық блогында күрделі ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалтудың дербес тәсілдерімен 7 терапиялық бөлімше жұмыс істейді: пульмонология және нефрология, гастроэнтерология және эндокринология, неврология, ревматология және кардиология.
Президент ашылып жатқан бірегей объектілер қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға қызмет ететінін және жаңа медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыруға қосатын үлесінің аса маңыздылығын атап өтті.

WhatsApp Image 2022-08-15 at 15.51.22.jpeg

WhatsApp Image 2022-08-15 at 15.52.35.jpeg

WhatsApp Image 2022-08-15 at 15.51.39.jpegФото www.akorda.kz сайтынан алынды