ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының білікті педагог қызметкерлері жуырда республикалық деңгейде еліміздің бірнеше өңірінен келген педагогтерді балабақша базасында іс-тәжірибеден өткізді. Тәжірибе барысында қатысушылар балабақшаның қызықты оқыту бұрыштары мен топтарына, балаларды дамыту орындарын аралап, озық тәжірибелермен танысты. Аталған ұйым жыл басынан бері астаналық 50-ден астам педагогке 3 семинар ұйымдастырды. Семинарда 3 жыл бойы жүргізілген тәжірибелік алаңның жұмыс нәтижелері баяндалды, теориялық, практикалық дәрістер берілді.
«Қарлығаш» балабақшасы балаларды дамыту мен оқытуда заманауи қызметтер көрсететін еліміздегі жетекші балабақша атануды көздейтінін атап өту керек. Балабақшада болған өзге ұйымдардың педагогтері оқыту кезінде қолданылатын әдістер мен технологияларға қызығушылық танытады. Осыған орай, отандық мектепке дейінгі білімнің сапасын арттыру мақсатында «Қарлығаш» балабақшасы өз тәжірибесін тарату жұмыстарын бастады.
Атап айтқанда, 2019 жылғы 26 сәуірде елордалық 105 педагог ХХІ ғасырда балалардың дағдылары мен құзырларын дамытудың тиімді әдістерін үйренсе (4К), 15 маусымда еліміздің әр өңірінен келген 100 шақты педагог өз білімін шыңдады. Содан бері аталған ұйым республикамыздың балабақша қызметкерлері үшін белсенді әрі ұдайы семинар өткізіп келеді.