ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының мамандары Азия хирургиялық ультрадыбыстық қоғамының (ASUS 2022) 5 конгресіне қатысып қайтты. Ауруханадан 4 баяндама ұсынылды. Конгресс қорытындысы бойынша қантамырлық хирург Тимур Ескендіровтің постерлік баяндамасы үздік баяндамалардың бірі деп танылды.
- Баяндамамның мақсаты – оңжақ бұғанаасты артерия аневризмасы бар пациентті бақылау. Мен 52 жастағы пациентті клиникалық бақылау барысымен бөлістім. Тиісті операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, 5 күннен кейін пациент ауруханадан шықты. Баяндаманың ғылыми жаңалығы – оңжақ бұғанаасты артерия аневризмасы, ол перифериялық артерия аневризмалары арасында өте сирек кездесетін жағдай. Оның кездесу жиілігі 1%-дан аз. Сондай-ақ ғылыми ақпарат көздерінде бақылаудың құжатталған жағдайлары аз. Ашық операция жасау – оңжақ бұғанаасты артерия аневризмасын емдеудің алтын стандарты, бірақ осы патологияларды емдеу тәжірибесін біртіндеп жинақтай келе эндоваскулярлық емдеуге мүмкіндік пайда болады, – деп бөлісті қантамырлық хирург Тимур Ескендіров.
Конгресс жұмысына Корея, Қазақстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия, Жапония, Филиппин, Камбоджа, Өзбекстан, Тайвань, Гонконг, Сингапур, Индонезия және т. б. елдерден 200-ден астам дәрігер қатысты. Тимур Ескендіров өзге елден келген әріптестерінің тәжірибесін, сондай-ақ әр баяндамадан кейінгі пікірталасты айрықша атап өтті.
- Әсіресе hand-practice ерекше атап өткім келеді, онда конференцияның әр қатысушысы тәжірибелі менторлардың көмегімен ультрадыбыстық бақылау нозологияларын диагностикалаудың және аз инвазивті емдеудің заманауи әдістерімен танысып, сынап көрді, – дейді Тимур Ескендіров.