Биылғы қараша айында Қытай Халық Республикасында коронавирустық инфекция жұқтыру санының өсуі тағы да COVID-19 алдын алу мәселелеріне назар аудартады.
Бұл бағыттағы жаңалықтар қазірдің өзінде бар, сондықтан 2022 жылдың 1 қыркүйегінде ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC, АҚШ) 12 жастан асқан пациенттер үшін COVID-19 вакциналарының бустерлік дозалары бойынша жаңартылған ұсыныстар берді (кейіннен қазан айында 5-11 жас аралығындағы балалар үшін жаңартылған бустерлерді қолдануды кеңейтті).
Ұсыныстардың маңызды жаңалығы:
- жаңартылған бустерлер – «бивалентті»
- Бивалентті вакциналар екі түрлі вирустан немесе бір вирустың екі штаммынан қорғайды. Вакцинаның бұл түрі жаңа емес. Көптеген қарапайым вакциналар тұмауға қарсы вакцина сияқты вирустардың екі түрінен немесе вирус штамдарынан қорғай алады.
- Жаңартылған COVID-19 бустерлері COVID-19 түпнұсқа штаммына және жаңа омикрон нұсқасына бағытталған.
- 5 жастан асқан пациенттерді бивалентті вакциналармен ревакцинациялауға болады.
- бивалентті вакцинаның бустерлік дозасын алмас бұрын моновалентті вакцина - түпнұсқа COVID-19 вакцинасының толық курсынан (өндірушінің схемасы бойынша бірінші және екінші доза) өту керек.
- бірінші вакцинаның соңғы дозасын немесе кез келген бустерлік дозаны (соның ішінде моновакцинаны) алған сәттен бастап кемінде 2 ай өтуі тиіс.
- бұрын қанша вакцинация алынғанына қарамастан, бустерлік бивалентті вакцинаны алуға болады
- бұрын бустерлік доза ретінде мақұлданған моновалентті вакциналарды енді 5 жастан асқан адамдардың алуына болмайды. Себебі жаңартылған бустерлер көбінесе омикрон нұсқасынан қорғауды қамтамасыз етуге арналған.
- 6 жастан асқандар жаңартылған бустерлік екпе ретінде басқа препаратты ала алады, яғни бірінші серия кезінде немесе соңғы бутерлік екпе кезінде алған препаратпен бірдей болуы міндетті емес.
- Қазіргі уақытта Pfizer компаниясының COVID-19 бивалентті бустері 5 жастан асқан пациенттерге қолдану үшін, ал Moderna компаниясының COVID-19 бивалентті бустері 6 жастан асқан пациенттер үшін мақұлданды.
Маңыздылығын жоғалтпаған ұсыныстар:
- COVID-19 инфекциясы белсенді адамдар оқшауланған кезде вакцинацияланбауы керек, бұл бустерлік дозаға да қатысты. Сауыққан сәттен бастап кемінде үш айдан кейін вакцина алу керек. COVID-19 инфекциясымен ауырып жазылғандарға вакцинация алу ұсынылады, өйткені инфекциядан кейін алынған вакцинация кейін ауырып қалудың және госпитализацияның алдын алатынына дәлелдер бар.
- COVID-19-ға қарсы вакцинаның алғашқы сериясын әлі бастамаған адам вакцинациядан өткені жөн. Егер вакциналардың бірінші сериясын бастап, әлі аяқтамаған болсаңыз, жаңартылған бустерді алмағаныңыз дұрыс. Жаңартылған бустерді вакцинаның алғашқы сериясы аяқталған соң екі айдан кейін алуға болады.
Бустер мен қосымша бірінші доза бірдей емес екенін ерекше айта кеткен жөн. Иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға вирустан қорғаныс деңгейін көтеру үшін қосымша бірінші доза ұсынылады. Бұл қосымша доза бірінші вакциналар сериясын аяқтайды. Сонымен қатар, бустер - уақыт өте келе иммунитеттің төмендеуіне байланысты пациенттің иммундық жүйесін нығайтуға арналған вакцинаның қосымша дозасы.
Сондай-ақ, CDC 12 жастан асқан адамдарға арналған вакцинация аралықтарын жаңартты: иммундық тапшылығы жоқ адамдар үшін, 12 жастан асқан адамдар үшін, әсіресе 12-39 жас аралығындағы ер адамдар үшін Pfizer және Moderna вакциналарының екінші дозасын алу мерзімі икемді. Бірінші және екінші дозаларды 8 апталық аралықпен алу ұсынылады. Осылайша, Pfizer вакцинасының екінші дозасын бірінші дозадан кейін 3-8 апта ішінде, ал Moderna вакцинасының екінші дозасын бірінші дозадан кейін 4-8 аптадан кейін алуға болады.
Кейбір адамдар Pfizer вакцинасын 3 апталық аралықпен, ал Moderna вакцинасын 4 апталық аралықпен алуы керек. Оларға келесі санаттағы адамдар жатады: иммунитеті төмен адамдар, 65 жастан асқан адамдар, халық арасында аурудың көбеюіне немесе аурудың ауырлығына байланысты шұғыл көмекті қажет ететін басқа адамдар.
Есіңізде болсын, вакцинация – COVID-19 ауруының, госпитализацияның және өлім-жітімнің алдын алудың ең жақсы жолы. 18 жастан асқан әр адам бустерлік дозаны алғаны жөн, зерттеулерге сүйенсек инфекцияларға қарсы вакциналардың тиімділігі уақыт өте келе төмендейді.