Кванториумның бірнеше бағыттар бойынша шығармашылық зертханалары бар: космоквантум, акваквантум, автоквантум, биоквантум. Бұл шағын зертханаларда балаларды өнертапқыштыққа, командада бірлесіп әрекет етуге үйретіп, ерте кәсіптік бағдарлауды дамытады.
Балалардың сүйікті аймақтарының бірі – космоквантум. Мұнда олар ғарыш кеңістігімен танысып, осы сала бойынша мамандықтар туралы түсініктерін кеңейте алады. Аталған аймақта ғарышкерлердің фотосуреттері орналастырылған, балаларға ғарыш тарихы туралы ақпараттар беріледі. Космоквантумда ғарыш айлағының моделін жасауға болады. Ғарыш кеңістігін имитациялайтын макеттер процесті қызықты әрі көрнекі етеді. Мысалы, күн жүйесінің планеталық макеттері, ғаламшарлар, ғарыш кемесін басқару панелі, ғарышкер костюмі, тамақтардың макеті, ғарыш айлағы, тіпті шағын телескоп та бар.
Сондай-ақ, балалар интерактивті еденді қолдана отырып «VAY TOY» қимыл әрекетті дамыту ойынын ойнап, ғарышқа, күн жүйесінің басқа ғаламшарларына саяхаттауды ұнатады.
Космоквантум болашақта альбомдар, жұмбақтар, плакаттар және лэпбуктермен толықтырылатын болады. Педагогтер балалар мен ата-аналарды макеттерді бірлесе дайындап, ғарыш тақырыбындағы түрлі жобаларды жүзеге асыруға жұмылдыруды жоспарлап отыр.