Қазақстан өңеш пен асқазан онкологиясының эндемиялық аймағы. Бұл қатерлі аурудың даму үдерісі ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Сондықтан мамандарға уақытылы қаралу маңызды.
Эзофагэктомия (өңеш обыры) - ҚР ПІБ МО Орталық клиникалық ауруханасының онкохирургия бөлімшесінде ең кең таралған операция. Ісікті кесу және қалған өңешті асқазанмен біріктіріп тігу эндоскоп арқылы аз инвазивті әдіспен жүргізіледі. Айта кетейік, осыған ұқсас операцияны Қазақстанда алғаш рет 2013 жылы «ОКА» АҚ онкохирургы Естай Абзалбек жасады. Ал 2014 жылы ол гастрэктомия операциясын жасап, лапароскопияның көмегімен асқазан обырын алып тастады. Ғасырлар бойы мұндай операциялардан кейін пациенттердің тірі қалу мүмкіндігі 10-нан 1-ге тең болып келсе, қазіргі таңда операцияның бұл түрі қалыпты жағдайға айналған.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың өзінде онкохирургия бөлімшесінде 200-ден аса операция жасалған. Бұл ретте, Естай Абзалбек аурудың пайда болу себептеріне тоқталды.
«Қазақстандықтар қақталған етті көп жейді, бұл өңеш обырын тудыратын қауіпті канцероген. Сонымен қатар ыстық сұйықтықтар да қауіпті, біз шай, сорпа ішкенді жақсы көреміз. Дәрігер ретінде айтарым, тамақты жатып ішуге болмайды. Елімізде асты осылай жеудің әдісі кеңінен таралғаны жасырын емес. Ал бұл жағдай сфинктердің әлсіреуіне байланысты асқазанның ішіндегісі өңешке қайта түскен кезде гастроэзофагельді рефлюкс ауруының даму қаупіне әкеледі. Сондай-ақ экологияның да әсерін естен шығармаған жөн», - дейді дәрігер.
Алдын алу шарасы ретінде маман жиі скринингтен өтуге, талдау (анализ) тапсыруға, темекі мен алькогольден бас тартуға, консерванты, бояғыштары және трансмайлары бар өңделген өнімдерді пайдаланбауға кеңес берді. Айта кетейік, аурудың алғашқы белгісі ретінде, өңештен тамақтың өтпеуі байқалған кезеңді айтуға болады. Ондай жағдайда бірден білікті дәрігердің қабылдауына жазылған дұрыс.