Бірнеше жыл бойы тараптар тығыз әріптестік байланыста. Бүгінде Медорталықтың ауруханасы - университеттің 15 кафедрасының клиникалық базасы. Онда педагогтар мен студенттер Медициналық орталықтың дәрігерлерімен бірлесіп түрлі жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе алмасып келеді. Сондай-ақ ҚР ПІБ Медициналық орталығының көптеген дәрігері мен қызметкері - Астана медицина университетінің түлектері.
Кездесу барысында университет өкілдері ЖОО жүзеге асырып жатқан жобалар туралы айтты. Оның ішінде QS халықаралық рейтингіне кіру, зерттеу жұмыстары, жалпы медициналық кадрларды даярлаудың білім беру процесін жетілдіру бойынша жұмыс қалай жүргізіліп жатқанына кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой университет жұмысына табыс тілеп, келісілген құжат отандық медицинаның дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта құжат жүзінде бекітілген әріптестік байланысты одан әрі ғылыми бағытта дамытуға мүмкіндіктің мол екенін жеткізді.
Айта кетейік, меморандум отандық денсаулық сақтау жүйесіне кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сонымен қатар тәжірибе, ғылыми және практикалық ақпарат алмасуға, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға бағытталған конференциялар, шеберлік сабақтары мен семинарлар ұйымдастыру мақсатындағы ынтымақтастықты көздейді.