ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында «Аллергология мен иммунологияның пәнаралық мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Шара Әзірбайжан, Молдова, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және отандық аллергология мен иммунология саласындағы үздік мамандардың қатысуымен оффлайн және онлайн режимінде өтуде.
Конференцияны ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой ашты. Сондай-ақ халықаралық конференцияда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының директоры Рустам Албаев, директорының стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Насрулла Шаназаров, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Аллергология орталығының басшысы Ғалия Түсіпбекова және Ресей мемлекетінің сарапшысы, И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің клиникалық иммунология және аллергология кафедрасының доценті, Мәскеу қаласының Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы, аллерголог-иммунолог Фомина Дарья баяндама жасады.
Қазіргі таңда кез келген адамның анамнезінде жіті аллергиялық реакция эпизоды бар және жер бетіндегі әр үшінші адам созылмалы аллергиялық аурудан зардап шегеді. Аллергияның көріністері әртүрлі, эпизодтық немесе созылмалы болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметіне сүйенсек, аллергия жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардан кейін әлемде 3-ші орында тұр. Жер бетінде ересектердің оннан бірі демікпеге шалдыққан, ал әр төртінші бала аллергиямен ауырады.
Бұл ретте, аллергиялық аурулар мәселелерін шешу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда дәрігерлер алдағы уақытта республикадағы аллергиялық аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу туралы маңызды сұрақтарды көтеріп, талқылады.