ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой бастаған делегация Шымкент қаласында жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – халықтың денсаулығына назар аудару. Медициналық орталық делегациясының сапары №1 қалалық клиникалық ауруханадан басталды. Онда Алексей Цой операция жасалған пациенттермен жеке жүздесіп, операциялық блок пен консультациялық-диагностикалық бөлімшелеріне барып, ауруханының мүмкіндіктерімен танысты. ҚР ПІБ Медициналық орталығының Басшысы барған келесі нысан – Шымкент қаласындағы №2 қалалық аурухана болды. Онда ол қабылдау бөлімінің, жоспарлы хирургия, операциялық блок пен кардиохирургия бөлімшелерінің жабдықталуын жоғары бағалады. Кездесу соңында ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы аймақ дәрігерлерімен әңгімелесті.
21 қаңтардан бері Шымкентте ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Орталық клиникалық аурухананың 25 жетекші маманы халыққа практикалық және консультативтік-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі жоғары технологиялық операциялар жасап, аймақтың дәрігерлеріне шеберлік сыныптарын өткізгенін айта кеткен жөн.
«Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері» аясындағы іс-шара Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына жаңа медициналық технологияларды енгізу, халыққа көмек көрсету үшін өңірдегі ауруханалардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында өткізілуде.