ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясына барды. Делегация алдымен Академияның симуляциялық жабдықтар көмегімен клиникалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін қауіпсіз «Тәжірибелік дағдылар орталығымен», сондай-ақ тұқым қуалайтын аурулар мен генетикалық бейімділікті диагностикалау бағытында ғылыми зерттеулер жүргізетін «South Clinical & Genetic Laboratoty» зертханасының жұмысымен танысты.
Бұдан кейін Алексей Цой ЖОО-ның тарихи құнды заттары сақталған музейге барды. Музейде ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Академияның «Тілек кітабына» өз қолтаңбасын қалдырды.
Іс-шараның ресми бөлігінде Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясының профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесу өтті. Медициналық орталық басшысы бүгінде Академия түлектері Қазақстанда сұранысқа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ ол отандық медицинаны одан әрі дамытуда бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
«Шымкент қаласындағы әріптестерімізбен және Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясымен бірлесіп білім беру, ғылыми-техникалық және зерттеу жұмыстарын іске асыру кеңейтілетін болады. Еліміздің медициналық жоғары оқу орындарымен келісім аясында резидент дәрігерлер елордадағы ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында және Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханада оқытудан өтіп жатқанына бірінші жыл емес. Бұл бастама бұдан әрі жалғасын табады», - деді өз баяндамасында ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы А. Цой.
Оңтүстік Қазақстан Медициналық Академиясының ректоры Мырзабек Рысбеков өз кезегінде бірлесе ғылыми зерттеу және клиникалық бағыттағы жұмыс жасауға дайын екенін айтты.
Шара қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.