Бүгін ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновпен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Шектеусіз мерзімге жасалған келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қызметтерді алуға, ал қажет болғанда жағдайы ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ортақ келісімнің нәтижесінде өңірдің медициналық мекеме қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, аурулардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Медициналық орталықтың бұл бастамасын қолдап, меморандумның алдағы уақытта өңірдегі медицина саласының дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Медициналық орталық басшысы Алексей Цой ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ғасырға жуық – 90 жылдан астам уақыт еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің ірі мекемесіне айналғанын айтты.
«ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулер, инновациялық әдістерді іздестіріп, оны тәжірибе жүзінде қолдануда. Олардың республиканың практикалық денсаулық сақтау саласына трансфертін жүргізеді. Соңғы үш жылдың өзінде клиниканың мамандары 150-ден астам жаңа технологияны республиканың тәжірибесіне алғашқылардың бірі болып енгізді. Бүгінде облыстың 130-дан астам азаматы Медициналық орталық ұйымдарында медициналық көмек алып, емдеу-сауықтырудан және оңалтудан өтті. Біз бұдан әрі өңірдің тұрғындарына практикалық медициналық көмек көрсетуді арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді өз сөзінде ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой.
Медициналық орталықтың 25 жетекші маманы Шымкент қаласына «ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндері» аясында барғанын естеріңізге саламыз. Дәрігерлер делегациясы қала тұрғындарына практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті.