ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының делегациясы Ақмола облысына іс-сапармен келді. Бұл жұмыс сапарының басты мақсаты - өңірлердің денсаулық сақтау саласындағы жаңа әлеуеті мен мүмкіндіктерін дамыту. Делегацияның сапары Көкшетау қ. «Көпбейінді облыстық ауруханасы» онкологиялық қызметінің емханасынан басталды. ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы бастаған делегация КТ және МРТ, маммографиялық қондырғы кабинеттерін, эндоскопиялық жабдықтарын көріп, онкологиялық орталықтың мұражайына барды. Сондай-ақ, делегация Көкшетау қ. «Көпбейінді облыстық ауруханасы» жүрек орталығында болды. ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой кардиохирургия бөлімшесінің пациенттерімен жеке жүздесіп, шұғыл көмек пен №1 кардиология бөлімшелері, ангиографиялық кабинеті жұмыстарымен танысып, облыстық ауруханасының сау жүрек мектебі мен мұражайын аралады.
28 наурыздан бастап Ақмола облысында ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен оған қарасты ұйымдардың 35 жетекші маманы халыққа практикалық және консультативтік-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі жоғары технологиялық операциялар жасап, аймақтың дәрігерлеріне шеберлік сыныптарын өткізгенін атап өткен жөн.
«ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының күндері» аясындағы шара отандық медициналық туризмді дамыту, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына жаңа медициналық технологияларды еңгізу, сондай-ақ халыққа көмек көрсету үшін өңірлердің ауруханаларының әлеуеті мен мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында өткізілуде.