18-21 сәуір аралығында Шығыс Қазақстан облысында өткен «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» іссапары өз мәресіне жетті. ҚР ПІБ Медициналық орталығының білікті дәрігерлері Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына 26 операция мен 150 консультация өткізді. Сондай-ақ, арнайы Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері мен бизнес өкілдері үшін ұйымдастырылған 9 презентация және 6 шеберлік сабағына 1000-нан астам тыңдаушы қатысты.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы Өскемен қаласының дәрігерлерімен кездесіп, өз қызметтері мен мүмкіндіктері туралы таныстырылым жасады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы өңірдің 4 балабақша жұмысымен танысып, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің басын қосқан дөңгелек үстел жұмысына қатысты.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы халықаралық практикада қолданылатын тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зертханалық зерттеулердің өзекті мәселелері, инфекцияны алдын алу және инфекциялық бақылау бағдарламасын енгізуді қолдау туралы бизнес өкілдері үшін шеберлік сабақтарын өткізді. Тренинг қорытындысы бойынша өңірдің медицина қызметкері біліктілігін арттырды.
Сондай-ақ, осы іс-шара аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығының ведомствалық қарасты ұйымдарының басшылары – Медициналық орталығының ауруханасы мен Орталық клиникалық аурухана басшылары Рустам Албаев және Асхат Бралов, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы Яков Стерлигов облыстағы әріптестеріне медициналық ұйымдарының презентацияларын көрсетіп, қызметтері туралы баяндады.
Ұйымдардың таныстырылымы барысында 90 жылдан астам уақыт ішінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің көшбасшысына айналғандығы атап өтілді. 6 мыңға жуық жоғары білікті мамандар жұмыс істейтін ұйымдарда, халықаралық құзыреттіліктің дәлелі болып табылатын Joint Commission International, ISO, GPP, IIac-mra стандарттары бар.
Іссапар аясында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндерінің» негізгі мақсаты - тәжірибе алмасу, аймақтарға медициналық технологияларды трансферттеу және дәрігерлердің біліктілігін арттыру.
Бұған дейін ҚР ПІБ Медициналық орталығының мамандары Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласында болып қайтты. Сондай-ақ, 2023 жылы Қазақстанның басқа өңірлеріне шығу жоспарлануда.