«Қарлығаш» балабақшасының психологтары бала психикасының әртүрлі жақтарын дамыту мен түзету үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады, атап айтқанда психогимнастика, ертегі терапиясы, денеге бағытталған терапия, «Ми гимнастикасы», «Білім кинезиологиясы».
Психогимнастика – бұл қозғалыс, эмоция, қарым-қатынас, мінез-құлық дағдылары арқылы баланың психикасының әртүрлі жақтарын (танымдық, эмоционалды-жеке сала) дамытуға және түзетуге бағытталған арнайы жаттығулар мен ойындар жиынтығы. Яғни баланың психикалық денсаулығын сақтауға және эмоциялық бұзылудың алдын алуға мүмкіндік береді. Ертегі терапиясы ертегілерді тыңдай отырып, ондағы кейіпкерлердің образын талдау арқылы бойдағы қорқыныш пен үрейді жеңуге мүмкіндік беретін психотерапевтік бағыт. Психологиялық практикадағы тиімді бағыттардың бірі – денеге бағытталған терапия балаға қордаланып қалған ширығуды жеңілдетуге, өз тәні мен эмоцияларын жақынырақ тануды үйретеді. «Ми гимнастикасы», «Білім кинезиологиясы» – физикалық және тыныс алу жаттығуларының дене энергиясын босаңсытатын немесе арттыратын қызықты жүйесі. Яғни қимыл арқылы дене мен мидың арасындағы нейрофизиологиялық байланыстарды қолдап дамытады, әрі баланың ағзасына дамытушы сауықтырушы әсер етеді.
– Әр бала бірегей. Біреуі баяу, екіншісі жылдам дамиды. Түзету-дамыту сабақтарын баланың даму ерекшеліктерін ескере отырып жоспарлап-ұйымдастырамыз, – дейді «Қарлығаш» балабақшасының педагог-психологы Айжан Шонтыбаева.