




21-24 тамыз аралығында Қостанай облысындағы «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша ҚР ПІБ Медициналық орталығының үздік мамандары (нейрохирург, аритмолог, травмотолог, гинеколог және т.б.) облыс тұрғындарына 22 операция мен 60-қа жуық консультация өткізді. Сондай-ақ, Қостанай облысының дәрігерлеріне арнайы ұйымдастырылған 35 презентация мен шеберлік класқа 600-ден астам тыңдаушы қатысты.
Медициналық орталықтың дәрігерлері Қостанай облысында алғаш рет өткізіліп отырған сирек операцияларды сәтті жасады. Келген мамандардан консультация алуға сұраныс жоғары болды.
«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері 6 балабақшаның жұмысымен танысып, облыстың мектепке дейінгі ұйымдары педагогтерінің қатысуымен дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы Қостанай қаласының дәрігерлерімен кездесу өткізіп, өз қызметтері мен мүмкіндіктері туралы таныстырылым жасады. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, облыстың бизнес өкілдері мен медицина қызметкерлеріне кәсіби деңгейін арттыру мақсатында шеберлік сабақтарын өткізді.
Медициналық орталықтың көпжылдық тарихында еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің көшбасшысына айналғандығын атап айту керек. 6 мыңнан астам жоғары білікті маман жұмыс істейтін ұйымдарда халықаралық құзыреттілікті растайтын JCI, ISO, GPP, GMP, IIac-mra және EuroSpa стандарттары бар.
Сапар аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Қостанай облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. «ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндерінің» негізгі мақсаты тәжірибе алмасу, әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды трансферттеу және медицина мамандарының біліктілігін арттыру.
Осыған дейін ҚР ПІБ Медициналық орталығының мамандары Ақтөбе, Ақмола, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында болып қайтты. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне шығу жоспарлануда.