«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» Маңғыстау облысында өз мәресіне жетті. 6-10 қараша аралығында ҚР ПІБ Медициналық орталығының үздік мамандары (нейрохирург, уролог, травмотолог және т.б.) облыс тұрғындарына 12 операция мен 65-ке жуық консультация өткізді. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының дәрігерлеріне арнайы ұйымдастырылған 31 презентация мен шеберлік сабағына 450-ден астам тыңдаушы қатысты.
Медициналық орталықтың дәрігерлері Маңғыстау облысында алғаш рет өткізіліп отырған бірегей операцияларды сәтті жасады. Келген мамандардан консультация алуға сұраныс жоғары болды.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, «Оқжетпес» ЕСК» АҚ және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы облыс дәрігерлерімен, бизнес өкілдері мен медицина қызметкерлерімен кездесу өткізіп, өз қызметтері мен мүмкіндіктері туралы таныстырылым жасады.
Көпжылдық тарихы бар Медициналық орталығы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің көшбасшысына айналғандығын атап айту керек. 6 мыңнан астам жоғары білікті маман жұмыс істейтін ұйымдарда халықаралық құзыреттілікті растайтын JCI, ISO, GPP, GMP, IIac-mra және EuroSpa стандарттары бар.
Сапар аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндерінің» негізгі мақсаты -тәжірибе алмасу, әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды трансферттеу және медицина мамандарының біліктілігін арттыру.
Осыған дейін ҚР ПІБ Медициналық орталығының мамандары Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында болып қайтты.