Бүгін «Дәрілік терапияның сапасы мен қауіпсіздігі: әлемдік трендтер мен стандарттар» атты халықаралық терапевттер конгресінің ашылуы өтті. Жиынның ашылуында ҚР Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, ҚР ПІБ ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасының директоры Рустам Албаев сөз сөйледі. Ажар Ғиният конгресс қатысушыларын бейнебайланыс арқылы құттықтады.
Іс-шараға офлайн және онлайн форматта қазақстандық және шетелдік гастроэнтеролог, кардиолог, ревматолог, невролог, нефролог, терапевт, пульмонолог, клиникалық фармаколог және жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты.
Өз сөзінде Медициналық орталығының басшысы қазіргі заманғы терапияның басым міндеті дәрілік терапияның ғылыми-клиникалық жетістіктерін практикаға енгізу болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі кездесу терапиялық көмекті дамытуға және пациенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға маңызды шешімдер мен жаңа әдістерді енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Конгресс барысында ішкі аурулар клиникасында дәрілік терапияның өзекті мәселелері талқыланды, оңтайлы терапияны таңдаумен ауыр науқастарды сәтті емдеу жағдайлары, жаңа дәрі-дәрмектер және оларды қауіпсіз қолдану ерекшеліктері ұсынылды.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау және фармакология саласындағы соңғы әзірлемелер мен жетістіктерінің медициналық көрмесі өткізілді.