Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының жаңа ғимаратын аралап көрді. Орталық өз қызметін 2004 жылы бастап, қоршаған орта объектілеріне, тамақ өнімдеріне микробиологиялық, паразитологиялық, химиялық көрсеткіштерге, радиациялық бақылау, өсімдік тектес генді модификацияланған ағзаны және жануардың ДНҚ-сын анықтауға зерттеулер жүргізеді.
Мемлекет басшысына Орталықтағы заманауи технологиялармен жабдықталған, ең жаңа әдістемелерді пайдалана отырып, қысқа уақытта дәл әрі нақты нәтижелерді алуға мүмкіндік беретін зертханалар таныстырылды. Орталықта заманауи анализаторлармен бірге, агрессивті химиялық реактивтерді қажет етпейтін экспресс-әдістемелерді қолданатын портативті зертханалық жабдықтар орнатылған. Бұл зерттеу уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, қаржыны да үнемдейді.
Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың айтуынша, Санитариялық-эпидемиялық сараптама орталығында 8 зертхана жұмыс істейді. Алдағы уақытта зерттеулер номенклатурасын жылына 2000-ға дейін кеңейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар зерттеулердің жаңа түрлерін, халықаралық деңгейде жүргізу нәтижесінде Орталық Референс зертхана мәртебесіне ие бола алады. Яғни, басқа зертханалардағы күмән тудырған зерттеулердің дұрыстығы мен дәлдігіне осы жерде нақты тексеруге болады. Орталық Азия аумағында мұндай Референс орталық тұңғыш рет ашылып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық нысанды аралап көріп, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып жүрген еңбек ұжымына алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Президентінің Іс бақсармасы Медициналық орталығының қоғамдық денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі мен стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.