






Шипажайдың басты міндеті - қонақтардың салауатты өмір салтын ұстануын арттыру, ағзаны түрлі аурудан қорғау, әлсіздіктің алдын алу.
Мұнда тыныс алу органдарының, жүрек-тамыр жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының ауруларынан кейін сауықтыруға басымдық беріледі. Шипажайда Майбалық көлінің минералды суы, Балпашсор көлінің балшығы емге қолданылады. Балпашсор көлінің балшығы тірек-қимыл аппараты ауруларын, артрозды, артритті, омыртқа остеохондрозын емдеуге көмектесетін биологиялық белсенді саз балшық болып есептеледі. Бұл тірек-қимыл аппаратының ауруларын емдеп қана қоймай, қабынуға қарсы әсер етеді.
Мұндағы радон суы - Ресейдегі Пятигорск радон суларына тең. Радон терапиясы – радон сәулесімен емдеуге негізделген және денені қорғанысқа бейімдеуге көмектесетін, перифериялық қан айналымына, жүйке-бұлшықет аппаратына әсер ететін терапияның бір түрі.
Шипажайдың су емханасында ваннаның бес түрі бар: су массажы, қылқанжапырақты ванна, панты ваннасы, төрт камералы ванна мен минералды ванна. Сонымен қатар емделушілер Шарко-душы, циркулярлы - душ, массаж бен қатар жүретін душжәне субұрқақ душы сияқты 4 түрлі душ қабылдай алады. Бұдан бөлек, емдеу блогында физиотерапияның бүкіл түрі, гирудотерапия (сүліктермен емдеу) бар. Дәрігердің нұсқауы бойынша келушілер шөп тұнбаларынан бұқтырылған шай түрлерін, оттегі коктейльдерін іше алады.