






«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» аясында Медорталық Павлодар облысындағы кезекті іс-сапарын аяқтады. 1-4 сәуір аралығында ҚР ПІБ Медициналық орталығының үздік мамандары (пульмонолог, эпилептолог, невропатолог, эндокринолог, аллерголог, кардиолог және т.б.) аймақтың емдеу мекемелерінде шеберлік сабақтарын өткізіп, халыққа практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі операцияларды жасады. Медициналық орталықтың қызметкерлері 13 операция, 140-тан астам консультация, 500-ден астам тыңдаушыны қамтитын 25 презентация ұйымдастырды.
Медициналық орталық ауруханаларының дәрігерлері облыс аймағында бұрын-соңды болмаған бірегей операцияларды сәтті аяқтады. Мамандарға жүгінген пациенттердің басым бөлігі күрделі диагнозы бар өңір тұрғындары болып табылады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы бастаған делегация Г. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасына жұмыс сапарымен келіп, аурухананың қызметімен толық танысып, медициналық мекеменің дәрігерлермен кездесті. Сапар барысында Медициналық орталық ведомстволық қарасты ұйымдарының басшылары өз мекемелерінің стратегиялық бағыттары туралы баяндады. Еліміздің үздік ауруханалырының қызметі туралы жан-жақты айтып, облыс әріптестерімен медицина саласындағы өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.
Сондай-ақ, сапар аясында Медициналық орталық пен Павлодар облысының әкімдігі арасында өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторийлік-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қызметтерді алуға, ал қажет болғанда жағдайда ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді.
«ҚР ПІБ Медициналық орталығы күндерінің» негізгі мақсаты-тәжірибе алмасу, әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды трансферттеу және медицина мамандарының біліктілігін арттыру.
Қазақстан өңірлерінде өткізілетін бұл іс-шаралар ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ұйымдастыруымен және облыстық әкімдіктер мен денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Ағымдағы жылы Қазақстанның басқа өңірлерінде де осындай іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.