ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» РМК жаңа директоры Гүлшат Онланбекқызы болды.
Гүлшат Онланбекқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР ЖАК доценті, қауымдастырылған профессор. 1991 жылы Педагогикалық училищені бітірген. Абай атындағы педагогикалық училищені «Мектепке дейінгі білім беру» мамандығы бойынша тәмамдады. 1995 жылы «Мектепке дейінгі педагогика және психология оқытушысы» мамандығы бойынша Педагогикалық институтын бітірді. 2004 жылы «Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша аспирантураны бітірді.
2007 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуын аяқтады.
Еңбек жолын 1998 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқу бөлімінің маманы болып бастады.
2000 жылдан 2006 жылға дейін М. Х. Дулати атындағы ТарМУ «Педагогика және психология» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент болып жұмыс істеді.
2006 жылдан 2010 жылға дейін – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика» кафедрасының доценті.
2010 жылдан 2011 жылға дейін Білім берудің стратегиялық менеджменті институтының директоры, ҚР БҒМ «Білім сапасын бағалаудың ұлттық орталығы» РМҚК директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2012 жылдан 2014 жылға дейін - ҚР БҒМ «Білім беру статистикасы және білім сапасын бағалау ұлттық орталығы» РМҚК директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары.
2014 жылдан 2022 жылға дейін – «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» АҚ Жамбыл, Алматы облыстары және Астана қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің БАИ филиалының директоры.
2023 жылы «Білім беруді дамытудың мемлекеттік емес ғылыми-практикалық орталығы» ЖШС директорының міндетін атқарды.
2024 жылдан осы уақытқа дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой ұжымға жаңа директорды таныстырып, оған жоғары жетістіктер мен жұмыста табыс тіледі.