Паразиттік аурулар бүкіл әлемде кең таралған және денсаулық сақтау үшін медициналық, әлеуметтік және экономикалық проблемалар тудырады. Паразиттік аурулардың халық арасында таралуы көбінесе оның тіршілік ету ортасының экологиялық және паразиттік жағдайына байланысты. Қазіргі уақытта қоршаған орта объектілері арқылы адамға берілетін жұқпалы және паразиттік аурулардың өзекті проблемаларының ауқымы айтарлықтай кеңейген.
Санитариялық-паразитологиялық зерттеулер ̶ паразиттік аурулар кезіндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалауда маңызды рөл атқарады. Олар қоршаған ортада паразиттер мен олардың тасымалдаушыларының болуын анықтап қана қоймай, жұқпалы аурулардың дамуына қарсы қолданылатын шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Паразиттерді әртүрлі жолмен жұқтыруға болады. Алайда көбінесе паразиттік инвазия келесі себептерге байланысты орын алады:
Қол гигиенасын сақтамау;
Жуылмаған көкөністер, жемістер;
Толық пісірілмеген немесе пісірілмеген ет, балық өнімдері;
Мұндай тағамдарды жегенде паразиттік инвазия қаупі бірнеше есе артады;
Тағамды тоңазытқыштан тыс жерде ашық күйінде сақтау;
Беті жабылмаған өнімдерге жәндіктер гельминт жұмыртқаларын тасымалдауы әбден мүмкін;
Үй жануарларымен жанасу.
ҚР ПІБ МО «СЭСО» РМК-нің паразитологиялық зертханасында зерттеулердің келесі түрлері орындалады:
- Нәжістегі паразитоз қоздырғыштарын микроскопиялық зерттеу;
- Перианальды-тік ішектің қырындысын энтеробиозға зерттеу;
- Санитариялық-паразитологиялық зерттеулер:
- ашық су қоймаларынан алынған суға, ауыз суға, жүзу бассейндерінен алынған суға;
- көкөністерге, жемістерге, жидектерге, шөптерге;
- балық, балық өнімдеріне;
- сыртқы орта объектілерінен алынған шайындыларға;
- топыраққа жүргізіледі.