ҚР ПІБ Медициналық орталығының Apollo клиникасының өкілдерімен кездесуі өтті, онда ынтымақтастықтың болашағы талқыланып, сондай-ақ Apollo ауруханасы ұсынатын онкология саласындағы озық медициналық қызметтер таныстырылды.
Іс-шараға ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, Group Oncology and International президенті Динеш Мадхаван, Oncology & International вице-президенті Картик Анантхарамана, сондай-ақ ҚР ПІБ МО ауруханасының басшылығы қатысты.
Apollo клиникасы (Үндістан) – Азиядағы жетекші жеке медициналық қызмет көрсетушілердің бірі және Үндістандағы Joint Commission International (JCI) аккредиттеген алғашқы онкологиялық аурухана. Әлемнің ең мықты медициналық мекемелерінің бірі саналатын Аурухана 120 елден 120 миллионнан астам науқасқа көмек көрсетті. Оның құрамына Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы алғашқы және жалғыз протондық терапия орталығы – Apollo Proton Cancer Centre (APCC) кіреді.
Бұл іс-шара ынтымақтастықты нығайтып, әсіресе онкология саласында медициналық тәжірибе алмасуға маңызды қадам бола отырып екі тарап үшін де жаңа мүмкіндіктер ашты.