Абай облысына жұмыс сапары аясында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасына барды. Сапар барысында ол пациенттермен кездесіп, медицина мекемесінің ұжымымен ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Алексей Цойға ЖМЖА-ның клиникалық блогының мүмкіндіктері, оның ішінде нейрохирургия бөлімі, интенсивті терапия блогы және политравма бөлімі таныстырылды.
Аурухананың директоры Ерсын Сабитов рентген-хирургиялық жабдықты қоса алғанда, операциялық блоктың жабдықтарын көрсетті. ЖМЖА негізінде Ұлттық госпиталь мен ҚР ПІБ Медициналық орталығының дәрігерлері 17 күрделі операция жасады, оның 11-і бірегей.
Алексей Цой Медициналық орталықтың жетекші мамандары операция жасаған пациенттермен тілдесті. Мәселен, 70 жастағы Виктор Вельшке кардиохирург Әлібек Тойбаев үш жүрек тамырына стент орнату операциясын жасады. Операция ең аз араласу әдісімен және пациенттің ағзасына ауыртпашылықты азайтатын TCRAT әдісін қолдана отырып жасалды.
«Мен ауылдан аса жақсы жағдайда келмедім, бұрын да операция жасаттым, бірақ бұл жолы бәрі жаңа әдіспен өтті. Дәрігерлердің жоғары шеберлігіне ризамын», — деді Виктор Вельш.
Зейнеткер Адай Азаматов та дәрігерлерге жоғары сапалы көмек көрсеткендері үшін алғыс білдірді:
«Маған тамырға және жүрекке стент орнатты. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Семейдегі медицинаның қалай дамып жатқанын көру мен үшін қуаныш. Дәрігерлерге қамқорлығы, назары мен кәсібилігі үшін рахмет», — деді ақсақал.
Алексей Цой аурухана ұжымымен де кездесті. Кездесу барысында ол ҚР ПІБ Медициналық орталығы отандық денсаулық сақтаудың көшбасшысы ретінде медициналық көмек көрсетудің алдыңғы қатарлы әдістері мен тәжірибесін бөлісуге дайын екенін атап өтті.
Семейдегі ЖМЖА-да 147 дәрігер және орта және кіші буыннан 714 медицина қызметкері жұмыс істейді. Мұнда триаж жүйесі енгізілген, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 375 төсек орын бар. Мекеме өңірдегі және жақын маңдағы аудандардағы 670 мыңнан астам тұрғынға шұғыл көмек көрсетеді.
28 қазаннан бастап Абай облысында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтіп жатыр. Орталықтың жетекші дәрігерлері шеберлік сабақтарын өткізіп, күрделі операциялар жасап, жергілікті тұрғындарға кеңес беріп, жаңа технологияларды енгізуге және ішкі медициналық туризмді дамытуға ықпал етуде.
Үш күндік жұмыстың қорытындысы бойынша мамандар 279 консультация мен шеберлік сабақтарын, 17 операция өткізді. Оның 13-і ерекше болды. Сондай-ақ 636 қатысушыға дәріс және 652 тыңдаушыға 15 семинар өткізілді.
Абай облысы ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері өткен 13-ші өңір болды. Бұған дейін дәрігерлер 12 облысқа барып, 237-ден астам операция жасап, 1926 кеңес пен әріптестеріне арналған 277 дәріс өткізді.