Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Таяу Шығыс, Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік Африка, Түркия, Ресей және ТМД елдеріндегі GE HealthCare президенті Костас Делигианнис мырзамен кездесті.
Кездесуге сондай-ақ ҚР ПІБ МО ауруханасының директоры Рустам Албаев, медициналық орталықтың өкілдері, дәрігерлер мен қызметкерлер қатысты. Компания делегациясының құрамында Ресей мен ТМД елдері бойынша GE Healthcare президенті және атқарушы директоры Елена Легезина, Орталық Азия аймағындағы бизнесті дамыту жөніндегі GE HealthCare директор Дмитрий Занчев, Орталық Азиядағы мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу жөніндегі директор Алексей Борев және ТМД елдері бойынша GE HealthСare коммерциялық басшысы Али Демесинов болды.
Кездесу барысында жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды жеткізуді кеңейту, сервистік қызмет көрсетуді жетілдіру, білім беру және тренингтік бағдарламаларды іске асыру, аурухананың цифрлық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды.
Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой бұл ынтымақтастық цифрлық шешімдерді енгізу, аурухананы қажетті құралдармен қамтамасыз ету және кадрларды даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Біздің ынтымақтастығымыз тәжірибе алмасу мен дәрігерлердің кәсіби дамуына, сондай-ақ сәулелік диагностика мен ядролық медицинаны дамытуға бағытталады. Бұл стратегиялық әріптестік заманауи технологияларды енгізуге ықпал етіп, медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететініне сенімдіміз», — деп атап өтті Алексей Цой.
Өз кезегінде Костас Делигианнис GE HealthCare компаниясының Қазақстандық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, атап айтқанда, халық үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бейілділігін растады. Бұл әсіресе, заманауи жабдықтарды жеткізу, тиімді цифрлық шешімдерді енгізу және денсаулық сақтау саласындағы мамандарды оқыту бағдарламаларын іске асыруды қамтиды. Ынтымақтастық аясында Қазақстанның жетекші медициналық мекемелерінде компанияның 3000-нан астам жабдығы орнатылған, оның ішінде мемлекеттік онкологиялық бағдарлама аясында 100-ден астам маммографтар қойылып, GE HealthCare алаңдарында 6000 маман оқытылды.
Кездесудің ресми бөлігінен кейін GE HealthCare өкілдері аурухананың диагностикалық бөлімдерін аралап, МРТ, оңалту, неврология орталықтарының, сондай-ақ Ядролық медицина орталығы мен Циклотрон-өндірістік кешенінің жұмысымен танысты. Нәтижесінде тараптар медициналық көмек көрсетудің технологиялық базасын жетілдіруге бағытталған ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендерін растады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың қаңтар айында ҚР ПІБ Медициналық орталығы және GE HealthCare компаниясы арасында медицина саласындағы озық технологияларды дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Анықтама: GE HealthCare — медициналық жабдықтардың, диагностикалық фармацевтикалық препараттардың, сондай-ақ цифрлық шешімдер, сервистер мен деректерді талдау жүйелерінің алдыңғы қатарлы әлемдік өндірушілерінің бірі.