ҚП ПІБ Медициналық орталығына қарасты «Қазақстан» шипажайының жаңа директоры болып Айдар Байшығашев тағайындалды. Ол 2017 жылдан бері осы мекемені басқарған Елтай Асқаровтың орнына келді.
Бүгін Медициналық орталық басшысы Алексей Цой ұжымға жаңа басшыны таныстырып, Елтай Асқаровқа жеті жыл бойы атқарған жұмысы мен іске адалдығы, кәсібилігі үшін алғысын білдірді. Ол Елтай Асқаровтың шипажайдың дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, алдағы жұмысына табыс тіледі.
Алексей Цой Айдар Байшығашевтың басшылығымен «Қазақстан» шипажайы жаңа деңгейге көтеріліп, маңызды жетістіктерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Айдар Байшығашевтың денсаулық сақтау саласында мол тәжірибесі бар. Ол 1996 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық Медицина университетін, 2001 жылы Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Санитария, гигиена, эпидемиология» және «Экономика және менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Санитарлық-эпидемиологиялық қорғаныс саласында 28 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.