Жетісу облысында «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының күндері» атты медициналық акция жалғасуда. Акцияның үшінші күні күрделі операциялар мен заманауи реабилитация әдістері бойынша жергілікті дәрігерлерді оқыту шараларымен есте қалды.
ҚР ПІБ МО Ұлттық госпиталінің мамандары Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы мен облыстық аурухананың базасында бес бірегей операция жасады.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Естай Абзалбек пен онкохирург Ержан Кенесбаев екі лапароскопиялық операцияны орындады. Нақтырақ айтсақ диафрагманың өңеш тесігіндегі жарықты жою және сигма тәрізді ішекті резекциялау.
Нейрохирург Максат Мұсабеков әртүрлі жердегі аневризмаларды эмболизациялау бойынша үш эндоваскулярлық операция жасады. Оның ішінде біреуі үлкен көлемдегі аневризмаға операция болды. Бұл ота шұғыл түрде және ауыр жағдайда өтті.
Қалпына келтіру және реабилитация орталығының реабилитолог дәрігері Эдуард Варушкин акцияның білім беру бөлігінде ерекше үлес қосты. Ол 14 әріптесіне үш шеберлік сабағын өткізіп, инсульт пен жүрек ауруларынан кейінгі пациенттерге арналған физикалық реабилитация әдістерін, сондай-ақ ортопедия мен травматологиядағы кинезотерапия тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар, Варушкин жарақаттар мен операциялардан кейін асқынулармен күресіп жүрген алты науқасқа жеке кеңес берді.
Үш күн ішінде акция аясында 21 операция, оның ішінде 7 ерекше операция жасалды. Консультативтік-диагностикалық көмек 115 пациентке, оның ішінде жүкті әйелдерге, балаларға және қарттарға көрсетілді.