ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Жетісу облысы әкімдігі «ҚР ПІБ Медорталықтың күндері» акциясы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа ҚР ПІБ МО басшысы Алексей Цой және облыс әкімі Бейбіт Исабаев қол қойды.
Жетісу облысы ҚР ПІБ МО-мен ынтымақтастық келісіміне қол қойған 14-ші аймақ болды. Меморандум медициналық мекеме қызметкерлерін инновациялық технологияларға үйрету, аурулардың алдын алу, диагностика, емдеу және оңалту салаларында тәжірибе алмасуды қамтитын кең ауқымды іс-шараларды іске асыруды көздейді.
Айта кету керек, «ҚР ПІБ МО күндері» акциясы Жетісу облысында рекордтық шараға айналды – оның аясында ең көп күрделі операциялар жасалды.
Орташа алғанда, аймақтарда Аурухана мен Ұлттық госпиталь хирургтері шамамен 25 операция жасаса, бұл жолы Талдықорған ауруханаларында 31 күрделі операция өткізілді. Олардың кейбіреулері дәрігерлерге арналған шеберлік сабақтары форматында ұйымдастырылды.
Жетісудағы акцияның тағы бір ерекшелігі – Ұлы Отан соғысының ардагері мен тыл еңбеккерлеріне геронтологтың үйіне баруы болды. Бұл батырларға медициналық және профилактикалық көмек көрсету ҚР ПІБ МО қызметкерлерімен тұрақты түрде жүзеге асырылады. Бірақ бұл жолы геронтолог-дәрігер емханалардағы негізгі қабылдаудан бұрын, жүріп-тұруы шектеулі пациенттердің үйлеріне барды. Жалпы, Талдықорғанда геронтологтың консультациялық-диагностикалық көмегін 9 тыл еңбеккері мен ардагер алды.
Жетісудағы бірегей операцияларға тоқталсақ, олардың саны 7 болды. Соның ішінде 2 күрделі операцияны кардиохирург Әлібек Тойбаев, анестезиолог-реаниматолог Ғибарат Маданияев және перфузиолог Жәнібек Әшіров жүргізді. Олар жүрекке маммарокоронарлық шунттау мен аортокоронарлық шунттау операцияларын шағын қолжетімділік арқылы орындап, ишемиялық жүрек ауруларын емдеуде «алтын стандартқа» сай нәтижеге жетті.
Жалпы, 14 облыстағы акция қорытындысында Аурухана мен Ұлттық госпиталь хирургтері 281 операция жасады. 2,7 мыңнан астам адамға консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті және 8,2 мың өңірлік дәрігер үшін 320 дәріс, семинар және шеберлік сабақтарын өткізді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – технологияларды жаппай трансферттеу және медициналық қызметкерлерді жаңа технологияларға кең көлемде оқыту. Біз тек жоғары технологиялық және консультациялық-диагностикалық көмекпен шектелмейміз. Біздің делегация құрамына аурухана менеджментін жетілдіруге бағытталған цифрлық құралдарды енгізу бойынша мамандар, санитариялық-эпидемиологиялық және оңалту саласындағы сарапшылар кіреді. Бұл оқыту процесіне кешенді көзқарас береді», – деді Алексей Цой меморандумға қол қою кезінде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 13 меморандум аясында әзірленген жол карталары бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Ал Жетісу облысына арналған іс-шаралар жоспары дайындалу үстінде, оны іске асыру 2025 жылға жоспарланған.
«ҚР ПІБ МО тек емдеу және диагностикамен шектелмейді. Орталық ғылыми-әдістемелік, білім беру және профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Жылдар бойы жинақталған ғылыми және практикалық базамыз бірегей және оны өңірлердегі практикалық денсаулық сақтауға енгізу қажет. Осылайша, біз өңірлік денсаулық сақтау сапасын арттыруға және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің деңгейін жақсартуға өз үлесімізді қосамыз», – деп атап өтті Алексей Цой.
Сонымен қатар, орталықтың санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мамандары медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу, иммунопрофилактика және инфекциялық бақылау бағдарламаларын енгізу бойынша аймақ дәрігерлерін оқытуда.
Орталықтың Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы басқарушылық құзыреттіліктерді дамыту, мемлекеттік сатып алу, стратегиялық жоспарлау, HR модульдері, тәлімгерлік және бюджетті жоспарлау бойынша дәрістер өткізеді.
Айта кету керек, МТАЖО Қазақстанда бірегей білім беру бағдарламаларына эксклюзивті құқықтарға ие және олардың тізімін кеңейтіп келеді. Соңғы 11 айда орталық 19 авторлық құқыққа ие болып, медициналық және білім беру салаларындағы көшбасшылық позициясын нығайта түсті.