«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының білікті дәрігерлері Жетісу облысында бұрын-соңды болмаған бірегей операциялар жасады.
Нақтылай кетсек, Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Әлібек Тойбаев, анестезиолог-реаниматолог Ғибарат Маданиев және перфузиолог-дәрігер Жәнібек Аширов Талдықорған қаласындағы «Облыстық кардиологиялық орталықта» «Жүректің алдыңғы қарыншааралық артериясын қысқа жолмен маммарокоронарлық шунттау» және «Алдыңғы қарыншааралық артерияны және оң жақ коронарлық артерияны шағын жолмен аортокоронарлық шунттау» бірегей операцияларын сәтті жасап шықты.
Әлібек Тойбаевтың айтуынша, ота облыс дәрігерлеріне, кардиохирургтеріне шеберлік сағаты түрінде өтіп, операцияның жай-жапсары түсіндірілген.
«Сонымен қатар кардиохирургиялық бригада дәрігерлері бір өкпелік интубация жүргізуді, шағын жол арқылы жасалатын операциялардан кейін қабырғааралық нервтердің блокадасын және УДЗ бақылауымен қантамыр және тамырға қол жеткізу техникасын көрсеттік», - деп атап өтті ол.
ҚР ПІБ МО ауруханасы дәрігерлері Жетісу облысында 7 операция жасап, 65 кеңес берді, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне 7 презентация, 6 шеберлік сағатын өткізді.
Айта кетейік, Жетісу – жыл басынан ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері акциясы өткен 14-ші облыс. Ауқымды іс-шара барысында Медорталық мамандары бұған дейін 13 облысқа барып, 250-ге жуық ота жасады, 2,5 мыңнан астам пациентке консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті, 8 мың дәрігерге 310-нан астам оқыту іс-шараларын ұйымдастырды.