



ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде бүгінде 22 операциялық медбике жұмыс істейді. Олардың 4-і нейрохирургияда, 5-і кардиологияда, 3-і хирургияда және қалған 11-і операциялық блокта қызмет етеді. Әрқайсының медицина саласында тәжірибесі жоғары. Хирург дәрігерлердің басты көмекшілерін операциялық бөлмеде «генерал» деп атап кеткен. Себебі олардың айтуынсыз бірде бір құрал үстел үстінен қозғалмайды. Тазалаққа, жайлылық пен жылдамдыққа жауап беретін медбике мамандар аса тәртіппен, стресске төзімді қасиеттерімен ерекшеленетінін айта кеткен жөн.
Наталья Алдашкина Ұлттық госпиталь пациенттеріне 32 жылын арнаса, операциялық бөлмеде ширек ғасыр бойы жұмыс істеп келеді.
- Біздің ауруханада мен сияқты ардагерлер көп. Өз ісімді мен ерлік деп санамаймын. Ісіңе адалдық дер едім. Менің жұмысымның ауыртпалығын, кезекшіліктерімді әбден көріп үйренген ұлым бұл салаға бас сұқпаймын деп, үзілді-кесілді басқа салаға кетті. Егер қандай да бір іске жанашырлық танытамын, бұл іс менің өмірлік жолым деп қарайтын болсаңыз, ондп сіз өз ортаңызда сыйлы, құрметті боласыз. Бұл әрине медицинаға да қатысты.
Ұлттық госпиталь бір ғана еңбек кітапшасымен қаншама жыл ауруханаға адал қызмет етіп келетін әрбір маманымен мақтанады. Дәрігерлермен қатар, кіші медициналық персоналдар да еңбек жолын осында бастап, міне ардагерге айналуда. Ұлттық госпиталь - бұл тұрақтылық пен жайлылықтың мекені.