








Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қатысушы елдердің денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуі шеңберінде шетелдік делегация ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жұмысымен танысты. Делегация құрамында ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге, Әзербайжан Республикасының денсаулық сақтау министрі Теймур Мұсаев, Қырғыз Республикасының денсаулық сақтау министрі Эркин Чечейбаев болды.
Қонақтар аурухана бөлімшелері, Ядролық медицина орталығы мен емдеу-диагностикалық блогын аралап, көрсетілетін медициналық қызметтермен және заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен танысты. Сондай-ақ ТМҰ елдерінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту және медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері аясында пікір алмасты. МО ауруханасын техникалық жарақтандырудың жоғары деңгейін, персоналдың кәсібилігін атап өткен шетелдік әріптестер тәжірибе жинақтау мақсатында серіктестік қатынастар орнатуға қызығушылық білдірді.
– ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде жетекші орынға ие бірегей көпсалалы ғылыми-клиникалық орталық. Медициналық орталық шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым дайын,– деп атап өтті МО басшысы Алексей Цой.