




ҚР ПІБ Медициналық орталығының Референс-зертханасы болашақ мамандарды даярлау ісінде тәжірибеге негізделген тәсілдерді кеңінен енгізіп, жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтып келеді.
Осы бағытта «Астана медицина университетімен жасалған меморандум мен қосымша келісім негізінде бірлескен жоба іске қосылды. Жоба академиялық білім беру сапасын арттырумен қатар, студенттерге заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына қолжетімділік ұсынуды көздейді.
Референс-зертханасының мамандары мен университеттің жалпы және биологиялық химия кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы арасында өткен бірқатар жұмыс кездесулері мен кеңес беру нәтижесінде «Биологиялық объектілерді заманауи аспаптық әдістермен сапалы талдау» атты жаңа элективті пән әзірленді. Бағдарлама қосымша білім берудің (Minor) дуалды элементтерін қамтып, теория мен зертханалық тәжірибе арқылы кәсіби машықтарды игеруге мүмкіндік береді.
ПӘННІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ БІРНЕШЕ БАҒЫТТЫ ҚАМТИДЫ:
• Жалпы және биологиялық химия кафедрасында дәрістер, семинарлар және дөңгелек үстелдер өткізу;
• Референс-зертхананың аккредиттелген зертханаларында тәжірибелік сабақтар өткізу.
• Студенттердің университет виварийінде in vivo және in vitro эксперименттерге қатысуы, ҚР Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы талаптарын сақтау.
Курс аясында студенттер хромато-масс-спектрометрия мен ИҚ спектроскопиясын қоса алғанда, заманауи талдау әдістерін қолдана отырып, нақты үлгілермен жұмыс істеді. Жобалар экоқауіпсіздік және ауруларды ерте диагностикалау тақырыптарын қамтыды. Бағдарламаның соңында студенттер ғылыми жобаларды қорғап, үздіктері конференцияларға ұсынылады. Референс-зертхана мен Астана медицина университеті арасындағы әріптестік ғылым мен білімнің интеграциясына және сұранысқа ие мамандарды даярлауға ықпал етеді.