



ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасына Қытай Халық Республикасының медициналық және ғылыми ұйымдарының өкілдерінен құралған делегациясы келді.
Делегация құрамында Халықаралық денсаулық сақтау сапасы академиясының өмірлік академигі, Бейжің трансляциялық медицина қоғамының аға сарапшысы Лию Тинфан, Tianda Group директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Цюань Фан, Қытай кәсіпкерлер қауымдастығының стратегиялық кеңесшісі Сун Ян және Дүниежүзілік қытай медицинасы мен фармацевтика қауымдастығының төрағасы Ван Юси болды.
Кездесу барысында тараптар денсаулық сақтау және медициналық ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе клиникалық медицина саласындағы озық технологиялар мен инновациялық тәжірибелерді алмасуға баса назар аударылды.
Медициналық орталық басшысы Алексей Цой өз кезегінде аурухананың клиникалық практика, ғылыми зерттеулер және медициналық көмек көрсету саласындағы инновациялық тәсілдерді біріктіретін заманауи көпсалалы мекеме болып табылатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол Медициналық орталықтың шетелдік серіктестермен ынтымақтастыққа ашық екенін және денсаулық сақтау саласында тұрақты халықаралық байланыстарды дамытуға қызығушылық танытатынын мәлімдеді.
Кездесу аясында қонақтар алдын алу медицинасы бөлімшесі, оңалту секторы, Ядролық медицина орталығының және клиникалық-фармакологиялық бөлімнің жұмысымен танысты.