





ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасына Tianda Group компаниясының өкілдері – директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Цюань Фан және төраға көмекшісі Джан Хао ресми сапармен келді.
Кездесу барысында сауықтыру технологиялары, аурулардың алдын алу және диагностикалау, цифрлық шешімдерді, телемедицинаны және жасанды интеллектіні қолдану сынды бағыттар бойынша өзара ықпалдастық мүмкіндіктері талқыланды.
Медициналық орталық басшысы Алексей Цой денсаулық сақтау саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейтіп, озық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Тараптар алдағы уақытта диалогты жалғастырып, тәжірибе алмасуға мүдделілік танытты.
Tianda Group – денсаулық сақтау саласындағы заманауи технологияларды, оның ішінде дәстүрлі қытай медицинасын дамытуға басымдық беретін көпсалалы компания. Компания қызметінің негізгі бағыттарына цифрлық медициналық шешімдер, телемедицина, қашықтан денсаулық мониторингі платформалары, сондай-ақ биотехнологиялық стартаптар мен ғылыми зерттеулерге инвестиция салу кіреді.