Басты бетДәрігердің беделі атақпен өлшенбейді

Дәрігердің беделі атақпен өлшенбейді

Дәрігердің беделі атақпен өлшенбейді Дәрігердің беделі атақпен өлшенбейді Дәрігердің беделі атақпен өлшенбейді

Таяуда «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Дәрігер Talks» форумы – денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды мәселелерді ашық талқылауға арналған ерекше бас қосу болды. Бұл шараға еліміздің әр аймағынан 600-ден аса дәрігер, медбике, ғылым және білім саласының өкілдері және ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің нейрохирургия бөлімшесінің меңшерушісі, белгілі нейрохирург Марат Саршаев форумда талқыланған мәселелерге куә болып қайтты.

– Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолға алынды. Ауылға барып жұмыс істеп жатқан 700-ге жуық медицина қызметкеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Сондай-ақ медицина мамандарының біліктілігін көтеру барысында  дәрігерлер мен медбикелерге біліктілік деңгейін тест тапсырмай-ақ, автоматты түрде алуға мүмкіндік беріледі. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге НДС енгізуге қарсы бастама, кәсіби жауапкершілікке байланысты сақтандыру, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі секілді өте өзекті мәселелер талқыланды, – дейді Марат Аманғалиұлы.

Нейрохирург өзінің мамандығы туралы былай дейді:

«Дәрігер – бұл жай мамандық емес, ол – адам өмірінің сақшысы. Біз ең қиын сәттерде олардың жанында болып, үміт сыйлап, сенім ұялатамыз. Дәрігерге деген сенім – қоғамның саулығы мен тұрақтылығының кепілі. Соңғы жылдары медицина мамандарына деген халықтың ықыласы мен құрметі артып келе жатқаны қуантады».

Форумда Марат Саршаев «Мейірім – жүректен» төсбелгісімен марапатталды.

– Бұл тек жеке менің марапатым емес, бірге қызмет етіп жүрген бүкіл командамыздың еңбегіне берілген баға.  Атауының өзі-ақ  не үшін еңбек етіп жүргенімізді еске салып тұрады. Бедел тек атақпен өлшенбейді, ол күнделікті адал еңбекпен, науқасқа деген шынайы жанашырлықпен қалыптасады. Сондықтан біз өз мамандығымыздың мәртебесіне сай болуға тырысамыз, –дейді М. Аманғалиұлы.