


Радиологтар, рентген-зертханашылар, онкологтар мен стоматологтар секілді медицина қызметкерлері күн сайын иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істейді. Бұл – науқастарды дәл әрі уақтылы диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялар болғанымен, медицина мамандары үшін байқалмайтын, бірақ қауіпті кәсіби жүктемеге айналуы мүмкін.
Жеке дозиметриялық бақылау (ЖДБ) – бұл тек радиацияның жиналған мөлшерін тіркейтін құрал ғана емес, сонымен қатар медицина саласында сәулелік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тетік. Сәулеленудің шекті деңгейден асуын дер кезінде анықтау — санитариялық талаптарды сақтауға, кәсіби қауіптердің алдын алуға және медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге жол ашады.
Жеке дозиметриялық бақылау қызметін ҚР ПІБ Медициналық орталығы жанындағы Референс-зертханадан таба аласыз. Мұнда жоғары дәлдікке ие заманауи термолюминесценттік дозиметрлер пайдаланылады. Зертхана иондаушы сәуле көздерімен жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне жеке сәуле жүктемесін өлшеу, мәліметтерді жинау мен өңдеу, сондай-ақ сәулелік қауіпсіздік бойынша кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүзеге асырады.
Жеке дозиметрия – бұл тек ресми рәсім емес, заманауи медицинаның ажырамас бөлігі. Ол көзге көрінбейтін қауіптің нақты өлшемін беріп, оны бақылауға мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде, әрбір медицина қызметкері өз денсаулығына зиян келтірмей, қауіпсіз әрі сенімді ортада халыққа сапалы көмек көрсетуін жалғастыра алады.