




Шампунь шашыңызды құрғатып, крем теріңізді тітіркендіріп, тушь үгітіліп кете ме? Көпшілігіміз мұны бірден «сапасыз өнімнен» көреміз. Бірақ ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы мамандарының айтуынша, мәселе әрдайым өнімнің сапасында емес, көбіне біз жапсырмадағы ақпаратқа мән бермегенімізде.
Заң бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сатылатын кез келген косметикалық өнім ТР ТС 009/2011 «Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сай болуы тиіс. Таңбалау – өнімнің төлқұжаты, ол тұтынушыға қажетті ең маңызды мәліметті береді.
Қаптамада назар аударуға тиіс деректер: атауы мен мақсаты; өндіруші және шыққан елі; құрамы (INCI жүйесі); өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі; шартты белгілер мен таңбалар («6M», «12M», ЕАС). Мамандардың айтуынша, әдемі құты немесе «organic», «vegan» деген жазулар қауіпсіздікті растай алмайды.
Референс-зертханада өнімдер заманауи in vitro әдістерімен тексеріледі. Бұл тәсілдер қауіпті қоспаларды анықтап, тұтынушыға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың кеңесі: жапсырманы мұқият оқыңыз, сақтау ережелерін сақтаңыз және кәсіби бақылаудан өткен өнімдерді таңдаңыз.