




«Қарлығаш» балабақшасы 3–6 жас аралығындағы балаларға арналған «Бастау» білім беру бағдарламасының алғашқы бөлімдеріне ресми авторлық құқық иеленді. Бағдарлама екі бағытты қамтиды:
• қимыл-қозғалыс белсенділігін дамыту («Доптың түр-түрі керек, доптың түр-түрі маңызды!», «Жүруден бұрын жүзіп үйрен!»);
• когнитивтік және коммуникативтік даму («Этникалық ертегілер»).
Бұл бағыттар ұлттық құндылықтар негізінде балалардың салауатты әдеттерін, тілдік және танымдық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Авторлық құқықтың тіркелуі бағдарламаны кеңейте енгізуге жол ашты. Қазір ол пилоттық жоба ретінде еліміздің жеті өңіріндегі 16 мектепке дейінгі ұйымға енгізілуде: Астана қаласы, Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары.
Сонымен бірге, «Қарлығаштың» мектепалды топтарында математика мен ағылшын тілін оқытуға арналған сингапурлық әдістеменің элементтері қолданыла бастады. Педагогтар үшін халықаралық сарапшылардың қатысуымен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, заманауи оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталған арнайы кабинеттер ашылды.
Осылайша, авторлық құқық алу тек ауқымды жұмыстың қорытындысы ғана емес, «Бастау» бағдарламасын еліміздің өңірлеріне кеңінен таратуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы мектепке дейінгі білім берудің жаңа үлгісін қалыптастыруға негіз болып отыр.