


Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде Дүниежүзілік тромбоз күніне арналған «Тромбоздар» атты халықаралық конференция өтті.
Тромбоз әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, жыл сайын шамамен 10 миллионға жуық адам тромбоэмболияға шалдығады, әр 40 секунд сайын бір адам осы аурудың асқынуынан көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын 5 мыңнан астам адам түрлі тромбоз түрлерімен дәрігерлік көмекке жүгінеді.
Конференцияға кардиология, тамыр хирургиясы, ультрадыбыстық және функционалдық диагностика саласының жетекші мамандары қатысты. Жиын барысында қатысушылар тромбоздың алдын алу, анықтау және емдеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ халықаралық стандарттарды дәрігерлік тәжірибеге енгізу мәселелерін талқылады.
Іс-шара барысында госпитальде енгізілген халықаралық хаттамаларға негізделген тромбоз қаупін бағалау жүйесіне ерекше назар аударылды. Әр науқас жеке тексеруден өтіп, оның нәтижелері емдеу тәсілін таңдауда ескеріледі. Мұндай мультидисциплинарлық тәсіл емнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Конференция барысында ультрадыбыстық және функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі Людмила Бегалинаның баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Ол жүкті әйелдердің тромбоз қаупі жоғары топқа жататынын және уақтылы диагностика жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Қазіргі заманғы ультрадыбыстық допплерография әдістері жүктілік кезінде болатын физиологиялық өзгерістерге қарамастан, қауіптің алғашқы белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның басты мақсаты - дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, алдын алу бағдарламаларын дамыту және тамыр жүйесі аурулары бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шараның Ұлттық госпиталь қабырғасында өткізілуі де кездейсоқ емес. Дәл осы жерде он жыл бұрын халық арасында тромбоз туралы ақпараттық-ағарту бағдарламасы алғаш рет қолға алынған болатын.