



Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі мен Оңтүстік Кореяның жетекші CISLO компаниясы роботтандырылған хирургия және жоғары технологиялық медицина саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың мақсаты – инновациялық хирургиялық технологияларды Қазақстанның клиникалық тәжірибесіне енгізу және екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру.
CISLO компаниясы Азия аймағындағы жетекші және әлемде хирургиялық роботтар шығаратын екінші ірі өндіруші болып табылады. Компанияның басты өнімі – REVO-I хирургиялық роботы – бүгінде Өзбекстан, Ресей, Финляндия және өзге де елдердің клиникаларында табысты қолданылып келеді.
Ұлттық госпиталь Қазақстанда REVO-I жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыратын негізгі клиникалық алаң ретінде айқындалуда. Бұл шешім мекеменің роботтандырылған және аз инвазивті хирургия бағытында жинақтаған тәжірибесіне негізделген.
REVO-I жүйесі жоғары дәлдігімен, құралдарының икемділігімен және тіндерге минималды әсер етуімен ерекшеленеді. Мұндай қасиеттер операциядан кейінгі оңалту мерзімін қысқартып, науқастың сауығу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл бастама Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, клиникалық үдерістерді цифрландыру және халықаралық әріптестікті кеңейту жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді.