Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында инфекциялық аурулардың алдын алу тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараға еліміздің инфекциялық аурулар саласындағы жетекші мамандар қатысты. Баяндамашылар қатарында Балалар инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл, сондай-ақ Астана медицина университетінің инфекциялық аурулар және фтизиатрия кафедрасының меңгерушісі Шолпан Құлжанова болды.
Семинар барысында Қазақстандағы инфекциялық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы, олардың клиникалық ерекшеліктері және тұмауды диагностикалау, емдеу мен алдын алу бойынша заманауи тәсілдер талқыланды.
Іс-шараға терапевт-дәрігерлер, эпидемиологтар, бактериологтар, медицина жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ жеке медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Мұндай кездесулер Референс-зертхананың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және денсаулық сақтау саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.