Елордада ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады.
Шараға Қазақстан мен әлемнің 17 елінен келген 400-ден астам жетекші дәрігер, ғалым және денсаулық сақтау саласының менеджерлері қатысуда. Олардың қатарында Австрия, Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Швейцария, Норвегия, Жапония және басқа мемлекеттердің өкілдері бар.
Конференцияның ашылуында ресми тұлғалар құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова министрлік мен Медициналық орталық арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының тиімді әріптестігі – мемлекеттік құрылымдардың ұлт денсаулығын нығайту жолындағы жемісті ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Бірлескен жұмыс аясында жоғары технологиялық көмек, кадр даярлау, цифрландыру және инновацияларды енгізу бағыттарында нақты нәтижелер бар. Соңғы он жылда 35 клиникалық хаттама, 19 жаңа медициналық технология және роботтандырылған хирургия әдістері енгізілді», – деді министр.
ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цой Медициналық орталықтың салалық көшбасшылық рөлін атап өтті: «ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы отандық денсаулық сақтау жүйесінде жетекші орында. Мұнда үздік мамандар шоғырланған, заманауи технологиялар енгізіліп, пациенттердің сенімі – сапалы қызметтің басты көрсеткіші болып отыр».
Конференция бағдарламасы кардиохирургия, онкология, ядролық медицина, нейрохирургия, терапия, цифрландыру, фармацевтикалық реттеу, мейіргер ісі және медициналық көмектің сапасын басқару сияқты өзекті бағыттарды қамтиды. Форумның басты мақсаты – ғылым мен клиникалық тәжірибе арасындағы байланысты нығайту, инновацияларды енгізу және кадрлық әлеуетті дамыту.
Шетелдік сарапшылар халықаралық медицинаның соңғы жетістіктерімен бөлісті. Атап айтқанда, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге 2030 жылға дейінгі Еуропалық денсаулық сақтау стратегиясының басымдықтарын таныстырды. Германиядан келген профессор Андреас Кёниг денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің тиімділігін атап өтті. Қытайдың профессор Сун Ингли ядролық медицинаның онкологиялық ауруларды анықтаудағы рөлін баяндады, ал Оңтүстік Корея профессоры Хан Сын Хун қашықтан кардиохирургияны дамытудың тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстандық мамандар клиникалық тәжірибені стандарттау, цифрландыру, жасанды интеллектіні диагностикалық процестерге енгізу, аз инвазиялы хирургия, роботтандырылған технологиялар, фармакологиялық қауіпсіздік және оңалтудың жаңа тәсілдері туралы баяндама жасады.