Астанада ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының қызметкерлеріне арналған Кайдзен әдістемесі бойынша екі күндік ауқымды тренинг өтті. Оқыту бағдарламасын Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы (МТАЖО) ұйымдастырды.
Тренингтің мақсаты – ұйым ішіндегі тиімділікті арттыруға, сапаны жақсартуға және үдерістерді үздіксіз жетілдіруге бағытталған халықаралық тәжірибені енгізу. Бағдарлама лекциялар, интерактивті талқылаулар және практикалық тапсырмаларды қамтыды.
Оқыту барысында қатысушылар Кайдзен философиясының негізгі қағидаларымен, Gemba, 5S, PDCA, стандарттау және «5 Неге» сияқты құралдармен танысты. Екінші күні қызметкерлер нақты бизнес-үдерістерді талдап, құндылық ағыны картасын жасап, жетілдіру бағыттарын анықтады.
Тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға оқу бағдарламасын сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды. Сондай-ақ Медициналық орталық ішіндегі үдерістерді жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Іс-шара Қазақстанның мемлекеттік және медициналық ұйымдарында сапа мәдениеті мен тұрақты дамуды нығайтуға маңызды үлес қосты.