2025 жыл Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы үшін маңызды кезең болды. Бұл жылы диагностика сапасын, зертханалық зерттеулерді және медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға тікелей әсер еткен технологиялық жаңалықтар мен институционалды өзгерістер жүзеге асты. Өткен жыл жаңа радиофармпрепараттарды енгізу, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың халықаралық деңгейде мойындалуы және медициналық көмектің заманауи форматтарын іске қосуымен ерекшеленді.
ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНАДАҒЫ СЕРПІН: РАДИОФАРМПРЕПАРАТТАР ЖЕЛІСІН КЕҢЕЙТУ
2025 жылы ерекше маңызға ие болған бағыттардың бірі – ядролық медицинаны дамыту. Сол кезеңде онкологиялық ауруларды ПЭТ/КТ арқылы диагностикалауға арналған 18F-PSMA және 68Ga-PSMA радиофармпрепараттары өндірісте пайдалануға енгізілді.
Радиофармпрепараттар желісінің кеңеюі бастапқы диагностикадан бастап метастаздар мен рецидивтерді анықтауға дейінгі клиникалық міндеттердің кең шеңберін қамтуға мүмкіндік берді.
Әсіресе 68Ga-PSMA препаратының рөлі ерекше. Бұл – қуықасты безі обырын анықтауға арналған ең сезімтал радиотрейсерлердің бірі және ол аурудың ұсақ ошақтарын да жоғары дәлдікпен көруге мүмкіндік береді. Айта кетсек, бүгінде бұл препарат ТМД елдерінің ешқайсысында өндірілмейді. Сондықтан оның Қазақстанда шығарылуы ТМД кеңістігі үшін бірегей әрі стратегиялық жоба саналады.
СЭСО: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОВАЙДЕР МӘРТЕБЕСІ
2025 жылдың 15 шілдесінде Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы (СЭСО) зертханалық процестерінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеп, халықаралық провайдер мәртебесін иеленді.
Қазіргі уақытта СЭСО Қазақстандағы биологиялық қауіпсіздік бойынша жалғыз референс-зертхана саналады және оның зертханалық зерттеу нәтижелері халықаралық деңгейде мойындалады.
2025 жылы орталықта 1,3 миллионнан астам зертханалық зерттеу жүргізілді. Бұл көрсеткіш СЭСО жұмысының ауқымын ғана емес, сонымен қатар орталық сараптамасына деген жоғары сенімді де айқын көрсетеді.
«ҚАРЛЫҒАШ»: ҮЗДІК БАЛАБАҚША ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ ӘДІСТЕМЕ
2025 жылы «Қарлығаш» балабақшасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған «Үздік балабақша-2025» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Бұл марапат білім беру үдерісінің жоғары сапасын, тиімді басқару моделін және педагогикалық ұжымның кәсібилігін дәлелдейді.
Балабақша қызметінің басты элементі – баланың жан-жақты дамуына, денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және білім беру үдерісін медициналық сүйемелдеумен тиімді біріктіруге бағытталған «Бастау» авторлық әдістемесі. 2025 жылы осы әдістемені еліміздің өңірлерінде кеңінен енгізу басталды.
Институционалдық дамудағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде 2025 жылы Халықаралық тәуелсіз аккредитация және білім беру сапасын бағалау агенттігінің (МАНАКО) стандарттарына сәйкес халықаралық аккредитациядан өтуі атап өтіледі. Аккредитация нәтижелері білім беру ортасының жоғары халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін растады және «Қарлығаш» балабақшасының мектепке дейінгі білім беру саласындағы ұлттық әрі халықаралық деңгейдегі беделін нығайтты.
7071 БІРЫҢҒАЙ НӨМІРІ: МОА МЕН ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛЬ ПАЦИЕНТТЕРІНЕ ҚОЛАЙЛЫ СЕРВИС
Жыл барысында Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь үшін ортақ 7071 нөмірі – бірыңғай колл-орталық іске қосылды.
Енді бір ғана нөмір арқылы пациенттер қабылдауға жазылу, мамандарға тіркелу, диагностика және медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша толық ақпарат ала алады. Бұл шешім пациенттермен өзара байланыс жүйесін орталықтандыруға және қызмет көрсетуді жеңілдетуге бағытталған.
ХИРУРГИЯДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: РОБОТТЫҢ КӨМЕГІМЕН ЖАСАЛҒАН ОПЕРАЦИЯЛАР
2025 жыл хирургия саласы үшін де ерекше кезең болды. Медициналық орталық ауруханасында алғаш рет жүрекке робот-ассистенттің көмегімен операция сәтті жасалды. Бұл еліміздегі жоғары технологиялық кардиохирургияның дамуы үшін маңызды оқиға болды.
Сонымен қатар МОА-да Mako роботтандырылған жүйесін пайдалана отырып ортопедиялық операциялар орындала бастады. Мұнда негізгі басымдық операция алдындағы 3D-жоспарлауға және импланттарды дәл орналастыруға берілген. Бұл нәтижелердің тұрақтылығына және пациенттің тез оңалуына тікелей әсер етеді.
Роботталған технологияларды қолдану хирургиялық араласулардың дәлдігін арттыруға, операцияның жарақаттылығын азайтуға және пациенттердің сауығу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – бүгінде әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолданылып келе жатқан заманауи тәсіл.