ҚР Президенті Іс басқармасы (ПІБ) Медициналық орталығының мамандар тобы 25–26 ақпан күндері Түркістан облысында консультативтік-диагностикалық және білім беру көмегін көрсетті.
Іссапар өңір әкімдігі мен Медициналық орталық арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру аясында өтті.
Сапар барысында Аурухана мен Ұлттық госпиталь дәрігерлері 200-ден астам жергілікті тұрғынға консультация берді. Жоғары технологиялық әдістерді қолдана отырып, 23 күрделі хирургиялық операция жасалды.
Өңірдің медицина қызметкерлері үшін 35 оқыту семинары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, шамамен 500 маман қамтылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы Облыстық клиникалық аурухана қызметкерлеріне арналған биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша онлайн-оқыту өткізді.
Медициналық блокпен қатар өңірде «Қарлығаш» балабақшасының басшылығы да жұмыс жүргізді: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында кадр даярлау және студенттердің практикасын ұйымдастыру бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
№34 «Келешек» мектебінің базасында 100 педагогке арналған облыстық семинар-практикум өтіп, сингапурлық оқыту әдістемесі таныстырылды.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының мамандары өңірдің медициналық ұйымдары басшыларына цифрлық және инновациялық сервистерді таныстырды.
Almaty Resort өкілдері кәсіподақтармен және облыстың медициналық ұйымдары басшылығымен B2B форматында кездесулер өткізіп, өңірлік ұйым қызметкерлерін сауықтыру бойынша корпоративтік келісімшарттар жасасу мәселелерін талқылады.
Ауқымды іссапардың негізгі мақсаты – өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және ҚР ПІБ құрылымдық бөлімшелерінің озық тәжірибесін өңірлік деңгейде тарату.