30–31 наурызда Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы мамандарының жұмыс сапары өтті. Сапар қаланың денсаулық сақтау жүйесіне практикалық және білім беру бағытында қолдау көрсетуге бағытталды. Іс-шаралар қала әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Делегация құрамындағы Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпиталь дәрігерлері 42 консультациялық көмек көрсетіп, жоғары технологияларды қолданумен 10 күрделі хирургиялық операция жасады. Сонымен қатар, 700-ден астам медицина қызметкерінің қатысуымен 23 оқыту семинары мен шеберлік кластары өткізілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы «Медициналық процедуралар мен манипуляциялар жүргізу кезіндегі биологиялық қауіпсіздік» тақырыбында презентация өткізіп, оған әртүрлі бейіндегі дәрігерлер мен бөлімше меңгерушілерін қоса алғанда 30-дан астам маман қатысты.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының мамандары «Педагогтің эмоционалды интеллектісі» тақырыбында тренинг және «Буллингтің алдын алу және қақтығыстармен жұмыс» тақырыбында шеберлік кластар өткізіп, оған 240 адам қатысты, сондай-ақ қатысушылар Орталықтың қызметі мен көрсетілетін қызметтерімен таныстырылды.
Жұмыс сапары барысында «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің өкілдері медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізіп, санаторийлік-курорттық емдеу мен оңалтудың мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесулер нәтижесінде ынтымақтастыққа қызығушылық қалыптасып, өзара іс-қимыл бағыттары айқындалып, медициналық туризм мен сауықтыруды дамытудағы санаторийлердің әлеуеті атап өтілді.
«Қарлығаш» балабақшасының қызметкерлері 7 мектепке дейінгі ұйымға барып, мекеме қызметімен таныстырып, балалардың дағдыларын қалыптастырудағы инновациялық әдістер мен тәсілдер бойынша шеберлік кластарын өткізді. Іс-шараларға мектепке дейінгі білім беру саласының 100-ден астам өкілі қатысты.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – қала тұрғындарының мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, Медициналық орталықтың озық клиникалық тәжірибелері мен басқарушылық тәсілдерін өңірлік деңгейде енгізу және тарату, сондай-ақ жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру мен тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды енгізу арқылы ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту болды.