Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар аясында делегаттар Қытайдың жетекші медициналық мекемелері – Ruijin Hospital және Renji Hospital қызметімен танысып, CMEF Spring 2026 халықаралық медициналық жабдықтар көрмесіне қатысты, сондай-ақ Mindray компаниясымен келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында Қытай клиникаларында кеңінен енгізілген заманауи цифрлық шешімдерге басымдық берілді. Олардың қатарында пациенттерді орталықтандырылған мониторинг жүйелері, медициналық жабдықтарды бірыңғай цифрлық инфрақұрылымға біріктіру және онлайн мен офлайн қызметтерді ұштастыратын «интернет-госпиталь» үлгісін дамыту бар. Сонымен қатар, клиникалық шешімдерді қолдау және пациенттерге көрсетілетін қызметтерді жетілдіру мақсатында жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, тағылымдамалар ұйымдастыру және озық технологияларды тәжірибеге енгізу жөнінде келісімдерге келді.
Басым бағыттардың қатарында роботтандырылған хирургияны дамыту, цифрлық операциялық бөлмелерді қалыптастыру, пациенттерді мониторингілеудің зияткерлік жүйелерін енгізу және фармацевтикалық логистиканы автоматтандыру мәселелері белгіленді.
Медициналық орталықтың ауруханасы мен Ұлттық госпиталь алдағы кезеңде зерделенген тәжірибені кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта цифрлық сервистерді дамыту, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын орнату және медициналық AI-платформаны құру көзделген. Аталған бастамалар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғыртуға ықпал етеді.